Алматы қаласы Білім басқармасының
"№23 мектеп-гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 255–85–38
Есепші бөлімі:
+7(727) 255–86–78
Нашар көрушілер
нұсқасы
25
мамыр
2021

Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар!

 

Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар!

Сіздерді 2020-2021 оқу жылының аяқталуымен және соңғы қоңырау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің көпшілігіңіз үшін бүгінгі соңғы қоңырау көптен күткен демалыстың басталуын білдіретіні сөзсіз. Оқу жылының тағы бір жылын да артта қалдырдық. Енді міне, болашақта жаңалықтар ашу үшін тың күш жинап, демалуға да уақыт келді. Алдағы жазғы демалыстарыңыз сіз жоспарлағандай қызықты да әсерлі өтеді деп сенемін.
Расында, бұл оқу жылы ешқайсымызға оңай тимеді, себебі білім алуды қашықтықтан оқытумен бастадық және аяқтадық. Пандемия өмірімізге айтарлықтай үлкен өзгерістер әкелді. Бірақ, осының бәріне қарамастан, біз барлық қиындықтарды бірге жеңіп, біз үшін мектеп өмірінің қаншалықты маңызды, қаншалықты керек екенін түсіндік. Ал бүгінгі нәтиже – толықтай әрқайсыңыздың - ұстаздардың, ата-аналар мен оқушылардың – еңбегі. 
Осындай ауыр уақытта өз міндеттерін жоғары біліктілікпен орындай алған,  білім  беруді тоқтатпаған мұғалімдер - ерекше құрметке лайық. Шәкірттерге берген білім мен біліктеріңіз, шыдамдылық пен сабырлылықтарыңыз, оқушы жағдайына бей-жайлылық танытпағандықтарыңыз үшін үлкен рақмет! Осы шәкірттеріңіздің болашақтағы жетістіктері – сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі болмақ. Ұлы Абай "тәрбиенің ең жоғарғы мақсаты – баланы еңбекқор және ұлтжанды адам етіп қалыптастыру" деген. Хакім Абайдың бұл өсиеті - әрқайсымыз үшін ұранға айналсын.
Сондай-ақ, қашықтықтан оқыту кезінде өздеріне жоғары талап қойып, тәртіпке бағынып, зеректік таныта білген оқушыларға да алғыс айтқым келеді. Сіздер ересек адамдарша жауапкершілікті сезініп, білімге деген қызығушылықты жоғалтпай, оқу жылын сәтті аяқтадыңыздар. Бұл шынымен де көңіл қуантатын әрекет. Бұл әрекетке қарап отырып, болашақ ұрпақтың - табысты ұрпақ болатынына зор сеніммен қарауға болады.
Сонымен қатар, осындай қиын-қыстау кезеңдерде балаларына тірек бола білген ата-аналар да зор қошеметке ие. Балаларыңыздың үйде оқуына жағдай жасап, қолдау көрсеткендеріңіз қиындықтың салмағын жеңілдетуде үлкен үлес қосты. Рас, сын айтушылар көп болды, бірақ, сын түзелмей – мін түзелмейді демекші, сіздер бұл жағдайға түсіністікпен және үлкен жауапкершілікпен қарап даналық таныттыңыздар. Бұл үшін Сіздерге үлкен алғыс! Сіздің қолдауыңызбен балаларыңыз өз армандарын жүзеге асырып, кәсіби шеберліктің шыңына жете алады. Денсаулықтарыңыз зор болып, шаңырақтарыңызда бақ-береке орнай берсін! 
Ал бүгінгі түлектерге айтар тілегім ерекше!
Сіздер бүгін мектеппен қоштасып, ересек өмірге қадам басасыздар. 
Сіздер үшін соғылатын бүгінгі қоңырау - алға қойған мақсаттарыңызға ашылатын есіктің қоңырауы. Алда Сіздерді алғашқы маңызды сынақтар - емтихандар күтіп тұр. Оларды сіздер жеңіл еңсересіз деген нық сенімдемін. Әрқайсыңыз табысқа жетелейтін өз өмір жолын таңдайтындарыңызға күмәнім жоқ. Бұл мереке күнтізбеде қызыл күнмен белгіленбесе де, әрбіріңіз, ата-аналарыңыз бен тәлімгерлеріңіз үшін бұл өмірдегі ең жарқын және салтанатты сәттердің бірі.
Мектеп қабырғасында өткен әр күніңізде сіздің қасыңызда білім нәрімен сусындатқан, достықты бағалауды, қиындықтарға мойымауды үйреткен,  алғашқы жеңістердің дәмін татқызған мұғалімдер болды. Қолыңызға ең алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаздарыңызды ешқашан ұмытпаңыздар, себебі олар сіздің тұлға боп қалыптасуыңызға, ата-анадан кем еңбек еткен жоқ, бар жаны мен махаббатын сыйлады. 
Құрметті түлектер! Әрқайсыңыздың өз жолыңыз, өз таңдауыңыз бар. Бірақ өмірде ең бастысы – жақсы, лайықты адам боп қалу. Сіздерге мықты  денсаулық, бақыт және алдағы емтихандарға сәттілік тілеймін! Алар асуларыңыз биік болсын. Армандарыңыз міндетті түрде орындалуына тілектеспін! 
Өмірде өз жолыңызды жазбай тану үшін сізге мамандық таңдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту қажет және болашаққа сенімді қадам жасау керек. Отбасы мен мектепте алған білім, біліктеріңіз беделді, абыройлы болуға, арманыңыздың орындалуына, еліміздің дамуына лайықты үлес қосуға көмектессін! 
Ақ жол, құрметті түлектер!