"Ата-аналардың тәрбиесі" тақырыбындағы ата-аналар жиналысы
Бала тәрбиесіндегі ата- ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру және отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық,достық қарым- қатынасты қалыптастыру мақсатында №23 мектеп-гимназиясында ата-аналар жиналысы өткізілді
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібін, жеке басына қойылған талаптар, міндеттерін, үй еңбегіне араласуын, қосымша білімін, қызығушылықтарын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпал ету керек. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы.
Әке болса - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Сондықтанда әке ұлын батылдыққа, батырлыққа, ер жүректікке, адалдыққа, қайраттылықа, ұлтжандылыққа, әйел баласына серілік қарым-қатынас танытуға, отағасы қандай болу керек екендігін өз тәжірибесі арқылы үйретіп, үй еңбегінің аса қиын соғатын істерді өз мойнына алуға талпынуға тәрбиелеуі керек.
Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады.
Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.